Павлодар облысында интернет-алаяқтар құрбандарын жаңа тәсіл арқылы сан соқтыруда
Қоғамда жалған тауар туралы хабарландырулар көбейіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде интернет арқылы жасалатын алаяқтық фактілері өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға азайған. Дегенмен, тәртіп сақшылары қылмыстық схемалардың жаңа түрлерін әшкерелеп, олардың жолын кесу жұмыстарын күшейтіп отыр.
Биыл облыста интернет-алаяқтық бойынша 1166 қылмыс фактісі тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1531 болған. Сонымен қатар, құрамында кәмелетке толмағандар болған қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тоқтатылды. Олар Telegram, OLX және «Крыша» платформаларында вейптер мен бір реттік электронды буландырғыштарды сату сылтауымен жалған хабарландырулар орналастырған. Аталған топтың 47 қылмысқа қатысы бары анықталды.
Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың айтуынша, негізгі мақсат – қылмыс жасалғаннан кейін оны ашумен ғана шектелмей, күмәнді схемаларды алдын ала анықтап, жолын кесу.
– Алаяқтардың қолданатын әдістері уақыт өткен сайын өзгеріп келеді. Қазір олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жалған хабарландыруларды жиі пайдаланады. Сондықтан тұрғындар интернеттегі кез келген ұсынысқа сын көзбен қарап, ақпараттың шынайылығын тексеруі қажет, – деді ол.
Өңірде осы бағытта жедел-профилактикалық шаралар екі кезең бойынша ұйымдастырылуда. Бірінші кезең 1 ақпаннан 30 сәуірге дейін өтті. Осы аралықта 66-дан астам мобильді құрылғы, 225 SIM-карта, 11 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Екінші кезең 1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Оның барысында үш байланыс активаторы және ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан бір адам қолға түсті. Сондай-ақ 35-ке жуық SIM-карта, 21 банк картасы, сегіз абоненттік құрылғы және 3,3 миллион теңге тәркіленді.
Жыл басынан бері барлығы 11 байланыс активаторы жауапқа тартылды. Құқық қорғау органдары SIM-карталарды заңсыз іске қосатын, SIM-box құрылғыларын қолданатын, сонымен қоса, заңсыз жолмен алынған қаржыны аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға жәрдемдесетін тұлғаларды іздестіруде. Анықталған адамдардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Бірқатар қылмыстық іс сотқа жолдануға дайындалып жатыр.
– Алаяқтар белгілі бір жас санатына ғана бағытталмайды. Олардың арбауына жастар да, орта жастағы адамдар да, егде жастағы тұрғындар да түсіп жатады, – деді Ризабек Жанат.
Қылмыстық схемаларды ұйымдастырушылар жаңа смартфондарға деген сұранысты да өз пайдасына жаратып отыр. Мәселен, жаңа iPhone модельдерін нарықтағы бағадан төмен құнмен ұсынатын жалған хабарландырулар арқылы азаматтарды қызықтырып, алдын ала төлем жасауға көндіреді.
Тәртіп сақшылары нарықтағы құнынан тым төмен бағамен ұсынылған тауарларға, бейтаныс адамдардың ақша аударуды талап етуіне және алдын ала төлем сұрауына ерекше сақ болуға шақырады.
Құқық қорғау органдарының жұмысы күдіктілерді құрықтаумен ғана шектелмейді. Негізгі міндеттердің бірі – интернеттегі қылмыстық схеманың барлық қатысушыларын анықтап, заңсыз қаржы айналымының жолын кесу.