Павлодарда көліктердің ескі аккумуляторларынан кәріз құбырлары жасалуда

Шаһар тұрғындары ескі аккумуляторларды сатып, ақша таба алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде пайдаланылған аккумуляторларды қайта өңдеу бойынша жұмысын бастаған жаңа өндірістік кәсіпорын «Тандем recycling» елдегі экологиялық және өнеркәсіптік дамудың тоғысқан тұсында орналасқан табысты бастамалардың бірі.
– Біз тек аккумуляторларды утилизациялап қана қоймаймыз, сонымен қатар олардан алынған шикізатты – мысалы, полипропиленді – қайта пайдаланып, кәріз жүйесіне арналған құбырлар өндіруге кірісеміз. Бұл — аккумуляторларға екінші өмір сыйлау деп айтуға болады, – деді кәсіпорын басшысы Павел Горбачев.
Кәсіпорын аккумуляторлардың барлық компоненттерін толықтай дерлік қайта өңдейді. Ең негізгі алынатын шикізаттар – қорғасын мен полипропилен. Қорғасын металл ретінде сатылады, ал полипропилен пластиктен ызғарға төзімді, соққыға берік кәріз құбырлары шығарылады.
– Аккумулятор корпусының пластигі өте сапалы. Мысалы, осы материалдан көліктің бамперлері де жасалады. Біз бұдан кәріз жүйесіне арналған құбырлар өндіреміз. Бірақ су жүйесіне емес, себебі бұл – екінші рет қолданылған материал. Ал кәріз үшін бұл қолайлы және қауіпсіз, – деп нақтылады өңдіріс бастығы.
Қайта өңдеу барысында ерекше назар аударатын бөлімдердің бірі – электролитпен жұмыс істеу. Бұл зат – химиялық тұрғыдан қауіпті, бірақ компания оны сапалы бейтараптандырғыштармен залалсыздандырып, экологиялық нормаларға сай келтіреді. Нәтижесінде, құрамында тұзы бар ауыр су пайда болады. Ол өз кезегінде өндірісте қайта қолдануға жарамды.
Бұл жобаны іске асыру барысында кәсіпорын «Даму» қорының және «Bereke Bank» АҚ-ның қолдауына ие болды. Жалпы жоба құны — 230 миллион теңге, оның ішінде: он үш пайыздан астамы мемлекет тарапынан төленген субсидия. Ал 195 миллионнан астам қаржы қор арқылы берілген несие.
– Біз бұл кәсіпорынның іргетасын нөлден қаладық. Қасында инфрақұрылым болмады. Бірақ мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау бізге батыл қадам жасауға мүмкіндік берді, – деп бөлісті ол.
Қазіргі уақытта зауыт толық қуатына шықпағанымен, 24 қызметкер жұмыс істейді. Жақын арада басшылық 50 кісіні жұмысқа қабылдайды. Сонда штаттық орын толығымен жабылады. Мекеме басшысының сөзінше, олар жастарға да мүмкіндік бергілері келеді. Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, жастарды өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін жұмысқа қабылдауды жоспарлап жатыр.
«Тандем recycling» шығарған өнімдер ішкі нарыққа бағытталған. Компанияның мәлімдеуінше, құбырлар Қытай өнімдерінен кем түспейді, ал кей жағдайларда сапасы жоғары.
Компанияда аккумуляторларды қабылдау үшін екі тәсіл қарастырылған. Біріншісі, заңды тұлғалармен келісімшарт арқылы, екіншісі жеке тұлғалардан қабылдау – тұрғындар ескі аккумуляторларын арнайы пунктке әкеліп өткізе алады.
– Бағалар өзгеріп отырады, бірақ тіпті шағын аккумулятордың өзі 5000 теңгеден кем емес. Бұл тұрғындар үшін де тиімді, – деді спикер.
«Тандем recycling» жобасы – экология, экономика және әлеуметтік жауапкершілік тоғысқан нақты табысты жоба. Пайдаланылған аккумуляторлар қайта өңделіп, жаңа өмірге ие болып жатыр. Бұл – циркулярлы экономиканың нақты мысалы.