Павлодар облысында лудоманиядан емделгендер саны артты

Павлодар облысында лудоманиядан емделгендер саны артты
Фото: жасанды интеллект

Былтыр орталықтан 70-ке жуық адам көмек алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құмар ойынға тәуелділік адамның қаржылық жағдайына ғана емес, отбасымен қарым-қатынасына, психологиялық күйіне және күнделікті өміріне де кері әсер етеді.

Республикалық психикалық денсаулық орталығы Павлодар филиалының басшысы Шайзат Тілеубаеваның мәліметінше, мекеме 2001 жылы нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік мәселелерін зерттейтін республикалық ғылыми-практикалық орталық ретінде ашылған. Оңалту кезінде лудомания диагнозымен ем қабылдағандар саны 2024 жылы 57 адам, 2025 жылы 71 адам болған. Биыл қабылдауда 23 адам емделіп жатыр. Жалпы орталықта 130 төсек-орын бар.

– Бізде медициналық-әлеуметтік оңалтудың толық үш кезеңді бағдарламасы бар. Ол 13 айға дейін созылады және есірткіге, алкогольге, құмар ойындарға тәуелді адамдар үшін тегін. Емдеу тек ерікті түрде жүргізіледі, – деді ол.

Филиал басшысының сөзінше, адамдар мекемеге екі жолмен түседі: өңірлік психикалық денсаулық орталықтарының жолдамасымен немесе өз өтініші бойынша. Мамандар хабарласқан адамға жатқызуға қажетті құжаттар мен талаптарды түсіндіреді.

Құмар ойынға тәуелділіктің қауіпті деңгейге жеткенін дер кезінде байқау қиын. Алкогольге немесе есірткіге әуестіктен айырмашылығы, лудоманияның салдарын айналасындағылар бірден аңғара бермейді.

– Лудомания кезінде адам үнемі ойын, бәс тігу, қарыз және қайтадан ақша іздеудің арасында жүреді. Бұл қатты психоэмоциялық қысым тудырады. Адам мұндай жағдайда ұзақ жүре алмайды. Сондықтан кейбірі ішімдікке әуестене бастаса, енді бірі есірткінің тұтқынына айналады, – дейді Шайзат Тілеубаева.

Маманның айтуынша, тәуелділік біртіндеп қалыптасады. Бұған биологиялық бейімділік, психологиялық ерекшеліктер мен әлеуметтік орта әсер етуі мүмкін. Ал технологияның дамуы және онлайн бәс тігудің қолжетімділігі құмар ойындарға қатысуды жеңілдеткен.

Негізі тәуелділік үш кезеңнен тұрады. Алғашқы сатыда адам психологтың көмегімен жағдайын өзгерте алады. Екінші кезеңде ойыннан өздігінен бас тарту қиындайды. Үшінші сатыда құмар ойын өмірінің басты мақсатына айналып, отбасы, жұмыс пен денсаулық екінші орынға ығысады.

Филиалға 20-22 жастағы жастар да, отбасылы, балалы азаматтар да келеді. Олардың кейбірі қаржылық қиындықтарын ата-анасының көмегімен шешуге тырысады.

Алайда туыстарының қарызды жауып беруі мәселенің түпкі себебін жоймайды. Адам өз әрекетінің салдарын сезінбесе, қайтадан бәс тігуі мүмкін.

– Біз ата-аналарға ең алдымен қарызды төлей беруді тоқтатуға кеңес береміз. Тек қарызды жабу емес, тәуелділіктің өзін емдеу маңызды, – деді ол.

Кейбір адамдар жақындарының талабымен емделуге келіседі. Осыған байланысты мамандар олардың отбасыларымен де жұмыс істейді. Тәуелді жанға үнемі ақша беру, берешегін өтеп отыру немесе әрекеттерін жасыру мәселенің жалғасуына ықпал етуі мүмкін.

Оңалту үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде адамның физикалық жағдайы қалпына келтіріліп, ұзақ мерзімді оңалтуға дайындығы бағаланады.

Екінші сатыда психотерапия мен оңалту жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезең екі-төрт айға созылады. Қатысушылар күн сайын топтық және жеке сабақтарға қатысады. Бағдарлама тәуелділікті түсінуге, эмоцияларды басқаруға және өз әрекетіне жауапкершілік алуға бағытталған.

Үшінші кезең Мичурин ауылындағы «Асар» әлеуметтік оңалту бөлімінде өтеді. Мұнда болу мерзімі тоғыз айға дейін созылады. Қатысушылар тұрмыстық міндеттерді атқарып, еңбекке араласады және ортақ ережелерді сақтауды үйренеді.

Шайзат Тілеубаеваның айтуынша, оңалтудың басты мақсаты – адамды өз әрекетіне жауап беруге және қоғамда өмір сүруге үйрету.

Филиал басшысының сөзінше, емделгеннен кейін де бақылау қажет. Оңалтудың толық курсынан өту ойынға қайта оралмайтынына кепілдік бермейді. Қайталанудың негізгі себептерінің бірі – мамандардың ұсынымдарын сақтамау.

Кейбір адамдар емделгеннен кейін бұрынғы өмір салтына оралып, букмекерлік сайттарды қарай бастайды. Басқалары қарыздарын тез өтеу үшін қайта бәс тігуге тырысады.

Сондай-ақ ем аяқталған соң әр адамға жеке ұсыныстар беріледі. Кейбіріне бастапқы уақытта батырмалы телефон қолдану, жалақысын жұбайының бақылауымен жұмсау немесе қаржылық операцияларын шектеу ұсынылуы мүмкін.

– Кепілдік жоқ, бірақ адам мамандардың ұсынымдарын орындап, тәуелділіктің созылмалы ауру екенін ұмытпаса, қайталану қаупін азайта алады. Анонимді ойыншылар қоғамдастығы сияқты қолдау топтарына қатысу да көмектеседі, – дейді филиал басшысы.

Мекеме мамандарының мәліметінше, құмар ойынға әуестіктен арылу үшін бәс тігуді тоқтату жеткіліксіз. Адам күнделікті әдеттерін, қаржымен қарым-қатынасын және жақындарымен байланысын өзгертуі керек. Сондықтан оңалту барысында адамның өзіне де, отбасына да қолдау көрсетіледі.