Соңғы 10 жылда елімізде тіркелген некелер саны 36 мыңға азайған
Елімізде тіркелетін некелер саны азайып кеткен. Бұл туралы Ұлттық стаститика бюросының 10 қыркүйек - Отбасы күніне орай жариялаған мәліметтерінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық бюро мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылмен салыстырғанда 2022 жылы тіркелген некелер саны 164 мыңнан 128 мыңға дейін азайды, яғни, некелесу коэффициенті де төмендеді. Егер 2012 жылы 1000 адамға 9,81 жұптан келсе, 2022 жылы — 6,54 жұп болды.
Өңірлер бөлінісінде қарасақ, тұрғындар арасындағы некелесудің ең жоғары коэффициенті Астанада тіркелді, 1000 адамға 8 жұп. Ең төменгі коэффициент Ақмола мен Абай облыстарында - 6,1.
Айта кету керек, соңғы 20 жылда некеге тұрушылардың ең жоғары көрсеткіші 2012-2013 жылдары байқалды. Мәселен, 2002 жылы некелесу коэффициенті 6,6 болған.
Неке санының төмендеу факторларының бірі — некеге тұрған халықтың жас құрылымының ерекшелігімен байланысты. Егер 2010 жылдары туу көрсеткіші жоғары болған 1985-1990 жылғы ұрпақ некеге тұрса, 2020 жылдан кейін туу көрсеткіші төмен болған 1995-2000 жылдары дүниеге келген ұрпақ отбасын құра бастаған.
Ерлер үшін некеге тұрудың орташа жасы (алғашқы неке) 28, әйелдер үшін — 25,2 жас.