Ел азаматтарының 23,6 пайызы қыз алып қашуды қалыпты жағдай деп санайды - сауалнама
2022 жылдан бастап зорлық-зомбылық жағдайында агрессордың кінәсін дәлелдеу міндеті жәбірленушіге емес, полицияға жүктелді. Осылайша соңғы екі жылда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша ІІМ қызметкерлері саны екі есе артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл деректі Қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы Ольга Николаева айтты.
«Ел азаматтарының 5%-дан астамы зорлық-зомбылыққа ұшыраған, оның ішінде ерлер де, әйелдер де бар. Ер адамдар бұл қауіпке негізінен көшеде, ал әйелдер қоғамдық орындарда және үйде тап болған, бұл да тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Осы ретте қазақстандықтардың үштен бірі соңғы екі жылда бұл мәселе бойынша жағдайдың жақсарғанын атап өткен. Бұған мемлекеттік органдардың жұмысы да өз әсерін тигізді», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы гендерлік саясаттың ерекшеліктеріне арналған брифингте.
Қазақстандық қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты, қудалауды, жыныстық қудалауды, әйелдер мен қыздарды некеге тұру мақсатында ұрлауды қалыпты емес жағдайға айналдыру үшін осындай құқық бұзушылықтарға немқұрайлық танытпау, заңнамаға «жыныстық қудалау» терминін енгізу ұсынылып отыр.
Респонденттердің төрттен бір бөлігі (23,6%) әйелдерді еріксіз алып қашу құбылысын бейтарап немесе оң деп бағалаған.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысы ғана (54%) қызды келісімінсіз алып қашқан жағдайда қыздың үйден кетіп, құқық қорғау органдарына мәлімдеуі керегін айтқан.
Респонденттердің 11,7% қызды сол үйде қалып, алып қашқан ер адаммен отау құрауы керек деп санайды.
Қазақстандықтардың 18,4% қыздың кетіп, құқық қорғау органдарына хабарламауы керегін айтып отыр.
«Харрасмент, яғни сексуалды қудалау проблемасы да бар. Азаматтардың шамамен 5% жыныстық қудалауға ұшыраған. Мұндай жағдай ерлерге қарағанда әйелдер арасында 10 есе жиі болатынын айта кеткен жөн», - деді О.Николаева.
Бұған дейін Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова елімізде әлі де гендерлік алшақтық бар екенін айтқан еді.
Сондай-ақ, Қазақстан әйелдерінің 47 пайызы бизнеспен айналысқысы келеді.