Ғылым және табыс: саяси партиялар халықпен не туралы тілдесуде

Ғылым және табыс: саяси партиялар халықпен не туралы тілдесуде

Саяси партиялар қазақстандықтар арасындағы үгіт-насихат жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Отандық ғылымды дамыту үшін «AMANAT» партиясы оны қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-на дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, ғылымды қажет ететін аумақтарды құруға бастамашылық жасайды. Шағын қалаларда, арнайы экономикалық аймақтарда және өндірістерге жақын жерде ғылыми орталықтар пайда болады. Шағын қалалар ғылыми-өндірістік кластерлер есебінен қайта жанданады.

«Ауыл» партиясының мақсаты – шаруашылық өнімдерін өңдеп, сауда-саттық орындарына делдалсыз жеткізу. Ол дегеніміз – қосымша пайда. Өнім шикізат күйінде сатылса ол болмайды. Қайда өңдеу кәсіпорындары сол үшін керек. «Ауыл» партиясының мақсаты – осы саланың тамырына қан жүгірту.

Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау еліміздегі білім деңгейі жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, елдегі сауаттылықтың деңгейі айтарлықтай төмендеген. Дәл осындай жағдайлардың кесірінен білім саласы реформаларды қажет ететінін атап өтті. Партияның сайлауалды бағдарламасында алдымен осы саладағы жасалуы керек реформалар жазылған.

Қазақстан халық партиясы «Билік – Халыққа! Бай азаматтар – бай мемлекет! Әр отбасы мемлекеттің қамқорлығында!» деген идеяларды насихаттауда. Партиялықтардың пікірлерінше, ең төменгі жалақы үш адамнан тұратын отбасын асырауды қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін ең төменгі жалақы мөлшерін 140 мың теңгеге дейін жеткізу қажет.

«Байтақ» жасылдар партиясы қала тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесін талқылады. Айталық, Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы кәріз жүйелерінің суы мен шайынды суларын сүзу алаңдарының тазарту қондырғылары көп уақыттан бері жаңартылмағандықтан, экологиялық апат қаупін төндіріп отыр.

Алматыда өткен митингіде «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Парламенттік Республиканы жақтайтынын айтты. Бір адам, тіпті ең дарынды болса да, елдегі барлық мәселені шеше алмайды, дейді ол. «Ақ жол» партиясы дамудың еуропалық жолын, қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастағы еуропалық тәсілдерді, өмір сапасының еуропалық стандарттарын жақтайды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да оңтүстік астанада митингіге шықты. Құрылыс және сейсмикалық қауіп-қатер тәуекелдері мәселесін көтерген олар қаланың бас жоспарын қайта қарап, салынатын құрылыстар тығыздығының көрсеткішін төмендетуді, мердігерлік құрылыс ұйымдарына инженерлердің біліктілігі, материалдық базасы және олар салған үйлердің сапасы тұрғысынан ревизия жүргізуді талап етті.

Фото: ашық дереккөздерден