«Таза Қазақстан»: Экомәдениетті өзгертудің павлодарлық формуласы қандай?

«Таза Қазақстан»: Экомәдениетті өзгертудің павлодарлық формуласы қандай?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Экобастамалар тұрғындардың жауапкершілігін жаңа деңгейге көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экология мен азаматтық жауапкершілікті ұштастырған жоба Павлодар облысында жүйелі жалғасып келеді.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өңірде жыл басынан бері тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Акция - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы, облыс әкімі Асайын Байхановтың бақылауымен іске асуда. Бағдарламаның мақсаты – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жеке жауапкершілікті күшейту. 

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Жахангир Иманжұпардың айтуынша, биыл дәстүрлі сенбіліктермен қатар жұртшылықтың қызығушылығын арттыратын тың форматтағы жобаларға басымдық берілген.

Бағдарлама қатарында экосеруендер, «Таза сана» зияткерлік ойыны, «Эко серпін» акциясы, «Демалыс time», «Eco Cinema Night» және өзге де ағартушылық жобалар бар. Бұдан бөлек, жастар бастамаларын дамыту орталығында ай сайын «Таза сана» ойыны өткізіліп келеді. 

Ерекше бастамалардың бірі – Ертіс жағалауында ұйымдастырылған әлеуметтік эксперимент. Оның аясында тұрғындардың экологиялық мәселелер мен «Таза Қазақстан» акциясына көзқарасы зерттелді. Арнайы жасалған жағдайда қоқыс пен пластик бөтелке тасталып, айналадағы адамдардың реакциясы бақыланды. Нәтижесінде көпшілік үнсіз қалмай, ескерту жасап, табиғатты қорғауға бейжай қарамайтынын көрсетті, – деді ол.

Ол осы бақылау қорытындысына сүйенсек, өңір тұрғындарының экологиялық мәдениет деңгейін ортадан жоғары деп бағалауға болатынан атап өтті. 

Алдағы уақытта мұндай тәжірибе жалғасады. Себебі, «Таза Қазақстан» бастамасы «Заң мен тәртіп» қағидатымен өзара сабақтас, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Әлеуметтік байқауға 20-ға жуық ерікті, оның ішінде «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері қатысты. Мұндай бастамалар тұрғындардың пікірін анықтап қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті нығайтуға да ықпал етеді. Қазір бұл тәжірибені еліміздің өзге өңірлері де енгізе бастаған.

Экологиялық жұмыстарға қоғамдық ұйымдар, еріктілер, «Front Office» волонтерлері, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және белсенді жастар атсалысып келеді. Олардың қатысуымен «Таза аула», футбол матчтарынан кейінгі аумақтарды тазалау, трансшекаралық өзендерді ретке келтіру, «Қайсар орман» және «Ұрпақтар бағы» акциялары өткізілді. Сонымен қатар, үш апта бұрын Ертіс өзенінде сапбордтардың көмегімен ұйымдастырылған тазалық шарасы да жұртшылықтың назарын аударды.

Сондай-ақ облыста құстар мен жануарларға қамқорлық жасауға арналған «Эко үйшік» және «Зоо достар» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал «Өзіңнен баста» челленджі аясында жастар суды үнемдеу, электр қуатын тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және айналаны таза ұстау тақырыптарында бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялауда.

Жахангир Иманжұпардың мәлімдеуінше, облыстық және қалалық деңгейде апта сайын кемінде үш экологиялық іс-шара ұйымдастырылады.