Павлодар облысында орманшылар бүршік жинауды жалғастыруда
Бүгінде 14 мың келіден астам қарағай бүршігі қайта өңделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының хабарлауынша, сапалы отырғызу материалын алу мақсатында Шалдай және Бесқарағай филиалдарының мемлекеттік инспекторлары 36 500 келі қарағай бүршігін жинаған.
– Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Жиналған бүршіктер кептіргіш шкафта және қарағай бүршігін өңдеуге арналған арнайы барабандарда стандартты температурада кептіру арқылы өңделеді. Мұндай әдісіпен 107 келі тұқым алынды, – дейді резерватта.
Алынған тұқымдар одан әрі екі тұрақты орман тәлімбағына, тамшылатып суару жүйесі бар тәлімбақтардың біріне себіледі. Бір гектарға отырғызылатын материалдың жылдық өнімділігі 1800 мың түп көшетті құрайды.
Бүгінгі күні резерват бойынша 333 келі қарағай тұқымының қоры бар.
Тұқым себу мамыр айында жүзеге асырылады, 3-4,5 гектарға дейін егіледі, тұқым сапасының класына байланысты шығыны 350-500 кг құрайды.