Биыл Баянауылда ормандағы тазалау аумағы азайды

Биыл Баянауылда ормандағы тазалау аумағы азайды
Фото: Баянауыл МҰТП-нан

Жұмыстар үш бөлімшеде қатар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Баянауыл, Жасыбай және Далба бөлімшелерінде орман алқаптарын күтіп-баптау жүргізілуде. Қазір мемлекеттік инспекторлар кесу аймақтарын белгілеп, ағаш көлемін жұмыстарын атқаруда.

Биыл парк бойынша тазартылатын аумақтың бекітілген көлемі 15,9 гектарды құрайды. Осы жерлерден жалпы 307,7 текше метр ағаш кесу жоспарланған. Қазіргі таңда 11,2 гектар жер қамтылып, 261 текше метр отын кесілді.

Табиғи кешендер мен объектілерді өсіру және табиғатты пайдалану бөлімінің орман шикізаты ресурстары инженері Сәния Имантаеваның айтуынша, негізінен қарағай, қайың және терек сүректері алынады. Олардың қатарында өрттен зақымданғандары да бар.

– Орманды күтіп ұстаудың негізгі мақсаты – оның санитарлық жағдайын жақсарту. Қураған, сынған және зақымданған ағаштар мен бұтақтарды алып тастау арқылы жанғыш материал көлемі азайып, өрттің таралу қаупі төмендейді. Сонымен қатар, аурулар мен зиянкестердің таралуы тежеліп, сау ағаштардың өсуіне жағдай жасалады, – деді ол.

Инженердің сөзінше, тазарту кезінде орманның биологиялық әртүрлілігін сақтау, сондай-ақ жануарлар мен құстардың мекендеу орындарын қорғау ескеріледі. Дайындалған ағаш отын ретінде пайдаланылады.

Сондай-ақ биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен. Былтыр тазартылған жер көлемі 25,9 гектар болса, биыл 15,9 гектарға жоспарланған. Яғни, көрсеткіш 10 гектарға азайды. Кесілетін ағаш көлемі де 391,7 текше метрден 307,7 текше метрге дейін төмендеді.

Орман алқаптарын күтіп-баптау ісін осы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында жылыту маусымына дайындық кезінде тұрғындарға отындық ағашты бес мемлекеттік орман иеленуші ұйым ұсынады. Биыл бір текше метрдің бағасы мекемеге қарай 3 мыңнан 5,3 мың теңгеге дейін белгіленген.