Баянауыл ұлттық саябағына Қызыл кітапқа енген ағаштар егілді

Баянауыл ұлттық саябағына Қызыл кітапқа енген ағаштар егілді
Фото: Баянауыл ұлттық саябағы

Көшеттер Астана қаласынан әкелінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі  

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, саябақ қызметкерлері уақытша тәлімбаққа қарағай тұқымын себу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Көктемде уақытша тәлімбақта 40 гектар аумақта қарағайдың екі жылдық көшеттері, ал күзде қарағай тұқымдары егілген.  

– Өзіміз жинаған тұқымды 0,15 гектар алқапқа егіп жатырмыз. Өткен жылдардағы жерсіну деңгейі 90 пайызды көрсетіп отыр. Орман көлемін ұлғайту жұмыстарын жалғастырамыз. Ұлттық саябақ аумағына егілген Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді сабяқ қызметкерлері бақылайды, – дейді ұлттық парк басшысы.

Астана қаласы Ұлттық биотехнология орталығы, биотехнология және өсімдік шаруашылығы зертханасының қызметкері Айдана Нұртаза елордадан әрқайсысы 15 түптен, барлығы 30 түп жабысқақ қара қандыағаш пен жыланқияқ әкелінгенін айтады. 

– Біз Баянауыл табиғи ұлттық паркіне Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерінің екі түрін жеткіздік: жабысқақ қанды қарағаш пен жыланқияқ. Олар микроклональды көбею әдісі арқылы алынды. Бұл өсімдіктер осы саябақтан таңдап алынып, микроклональды көбейту үшін қолданылған, – дейді зертхана қызметкері. 

Маманның сөзінше, микроклональды көбею әдісі – қоршаған ортаның ықтимал жағымсыз әсерлерін болдырмай, патогенді енгізу қаупін азайта отырып, стерильді жағдайларда өсімдіктердің сау және генетикалық жағынан бірдей үлгілерін алуға мүмкіндік беретін ғылыми әдіс.

Бұл технологияның бірқатар артықшылықтары бар:  көбеюдің жоғары тиімділігі және өсімдіктердің генетикалық әлеуетін сақтау мүмкіндігі. Осылайша, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктердің тұрақты көбеюін қамтамасыз етіп, олардың фенотиптік және генотиптік сипаттамаларын басқаруға болады. 

Сондай-ақ Айдана Нұртаза бұл өсімдіктердің үлгілерін табиғи ұлттық саябаққа беру аймақтың бірегей биоәртүрлілігін қалпына келтіруге және қолдауға мүмкіндік беретінін айтады. 

Айта кетерлігі, алғаш рет микроклональды көбеюді ХХ ғасырдың  50–ші жылдарында француз ғалымы Ж. Морель орхидеяларда жүргізген. Ол өз еңбектерінде апикальды өсімдік меристемасын өсіру техникасын қолданды.  Осылайша алынған өсімдіктер вирустық инфекциядан босатылды.