«Театр және кино әлемі»: Павлодарлықтар Кәукен Кенжетаевты еске алады
Мәдени шара біртуар өнер иесінің туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен бірлесіп Халық әртісі, опера әншісі, актер, режиссер Қаукен Кенжетаевтың мерейлі датасына орай «Театр және кино әлемі» атты әдеби- сазды кеш өткізуді жоспарлауда.
- Кеш барысында жергілікті әншілердің орындауында әндер шырқалып, актердің жеке заттары мен құжаттарынан жинақталған шағын көрме ұсынылмақ, - дейді музейдің өнер бөлімінің басшысы Сәуле Арынғазина.
Сондай-ақ Кәукен Кенжетаевқа арналған оқушылар арасында ұйымдастырылған «Театр және кино әлемі» атты көркемсөз оқу байқауының жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өткізіледі.
Өнер иесі 1916 жылдың 25 ақпанында Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1936 жылы Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясына оқуға түсіп, 1941 жылы оны тәмамдаған соң Хабаров қаласындағы шекарашылар ән-би ансамблінде өнер көрсетеді. Ал 1946 жылдан бастап Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрына әнші-солист болып орналасады. Театрдағы әншілік жұмысын жалғастыра жүріп, 1948 жылы Алматы консерваториясының жеке әнші мамандығы бойынша А.М.Кургановтың класына түстіп, екі жыл білім алады. Театр сахнасында қазақ, орыс, әлем халықтары операларындағы басты партияларды биік деңгейге жеткізе орындаған. Әншілік, актерлік талантымен қоса, режиссер ретінде бірнеше операларды жоғары шығармашылық көркемдік дәрежеде театр сахнасына шығарды. Сонымен қатар операларға жазылған либреттоларды, елуден астам әнді, романс, ариялардың мазмұнын өзге тілден аударған.
Айта кетелік, аталмыш шара 25 ақпан сағат 11.00 -де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде болады.