Павлодарда 19 жастағы жігітке бір мезетте жүрек пен көкбауырға операция жасалды
Пациент Павлодар кардиоорталығына қарапайым пневмониядан кейін дамыған ауыр асқынулармен, өте ауыр жағдайда түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас жігітте митральды қақпақшаның зақымдануымен жүретін инфекциялық эндокардит және бактериялық вегетациялардың (бактериялар колонияларының) тез өсуі дамыған. Дәрігерлердің айтуынша, жағдай вегетациялардың бір бөлігінің үзіліп, қан ағымымен көкбауыр артериясына түсуіне байланысты одан әрі күрделене түскен. Соның салдарынан көкбауыр артериясы кенеттен бітеліп, көкбауыр инфарктісі дамыды. Кейін бұл ошақ абсцесске айналып, іріңдеу процесі басталды. Пациенттің өміріне тікелей қауіп төнді.
Ол шұғыл түрде Кардиоорталықтың кардиохирургия бөліміне жатқызылды. Емдеу екі негізгі кезеңде жүргізілді.
– Бірінші кезеңде мамандар пациенттің жағдайын тұрақтандыру және септикалық ошақты оқшаулау мақсатында бағытталған ұзақ мерзімді бактерияға қарсы терапия жүргізді. Екінші кезеңде №1 қалалық аурухананың жалпы хирургтар бригадасымен бірлесіп, симультанды хирургиялық араласу жүргізу туралы шешім қабылданды, – деді кардиоорталықта.
Бірлескен операция барысында хирургиялық бригадалар өзара міндеттерді бөлісті. Жалпы хирургтар спленэктомия, яғни көкбауырды алып тастау операциясын жүргізіп, құрсақ қуысындағы қайталама іріңді инфекция ошағын жойды.
– Кардиохирургтар митральды қақпақшаға күрделі реконструкциялық операция жасады. Инфекция салдарынан тіндердің айқын зақымдануына қарамастан, кардиохирургтар пациенттің өзінің табиғи қақпақшасын толық сақтап қалды. Бұл 19 жастағы жас жігіттің кейінгі өмір сүру сапасы үшін аса маңызды, – деді орталық дәрігерлері.
Екі медициналық ұйым дәрігерлерінің үйлесімді жұмысы мен жоғары кәсібилігінің арқасында пациент ерте оңалту кезеңінен сәтті өтті. Қазіргі уақытта оның жағдайы жақсы, ол ауруханадан шығарылуға дайындалуда.
Пациентке көрсетілген күрделі, қымбат және жоғары технологиялық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілді.