Шарбақтыда қауіпті фреон баллондарын құжатсыз тасымалдаған жүргізуші жазаланды

Шарбақтыда қауіпті фреон баллондарын құжатсыз тасымалдаған жүргізуші жазаланды

Соттың шешімімен қауіпті жүк тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, қараша айының басында фреон R134-а тасымалдау фактісін анықтады.

– «Шарбақты» автомобиль өткізу пунктінде «Қарағанды-Новосібір» бағыты бойынша жүретін жолаушылар автобусын тексеру барысында қауіптілігі 2-сыныпты ерекше тауарлар тобына жататын және қауіпті жүктерді тасымалдаудың арнайы ережелерін көздейтін 16 газ-фреон баллон табылды. Олар рұқсат құжаттарсыз тасымалданған, – деді департаментте. 

Фреонды тасымалдаған автобус жүргізушісіне қатысты ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі бойынша материалдар сотқа жіберілді. 20 қарашада Шарбақты аудандық сотының қаулысымен автобус жүргізушісі кінәлі деп танылып, 40 мың теңгеге жуық көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.  Қауіпті жүк тәркіленді.

Қазіргі уақытта МКД Павлодар облысының көлік прокуратурасы мен Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына осындай бұзушылықтарды, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін хаттар жолданды.

Айта кетейік, фреон – тоңазытқыш жабдықтары мен кондиционерлерді салқындату жүйелері үшін қажетті зат. Сонымен қатар, фреон өзінің сипаттамалары мен қасиеттеріне байланысты басқа салаларда кеңінен қолданылады: медицина, парфюмерия, темекі өнімдерін өндіру, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы. Сұйық фреон ашық тері аймағына түскенде адамды үсік шалады. Сондай-ақ, көздің шырышты қабығын зақымдауы мүмкін.