Павлодарлықтар TikTok-та видео түсіріп, ақшалай сыйлық ұта алады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал қоғам» республикалық байқауы өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, байқаудың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заңнама талаптарын насихаттау және шығармашылық белсенділікті арттыру.
– Байқауға қатысу тегін және ерікті. 14 жастан асқан кез келген TikTok қолданушысы мемлекеттік немесе ресми тілде қатыса алады. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта 30 секундтан 2 минутқа дейінгі видеоны TikTok-та жариялап, #АдалKAZ хэштегін қосуы қажет, – дейді байқау ұйымдастырушылары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен Орал қаласының әкімдігі.
Жұмыстар 14 ақпаннан 14 наурызға дейін қабылданады.
Жеңімпаздар дипломдармен және тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификаттармен марапатталады:
- І орын – 300 000 теңге;
- ІІ орын – 200 000 теңге;
- ІІІ орын – 100 000 теңге.
Байқау нәтижелері Департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.