Тереңкөлдік ұстаз ұлттық қолөнер арқылы оқушыларға кәсіпкерлікті үйретіп жүр

Олар қоржын, ұлттық киім тігуді, құрақ көрпе жасауды меңгеруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тереңкөл ауданына қарасты Қоржынкөл ауылының тұрғыны Гүлбақыт Жұмасанова – орыс тілі пәнінің мұғалімі, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнер мен кәсіпкерлікті ұштастырып жүрген шебер ұстаздардың бірі.
Ол бес жыл бұрын ерекше бағыттағы «Бала бизнес» атты үйірме ашып, ауыл балаларына қолөнер арқылы табыс табуды, өз ісін ұйымдастыруды және еңбекқорлық пен ұлттық сана-сезімнің маңызын үйретуді қолға алған.
Ұстаздың қолөнерге деген сүйіспеншілігі бала күнінен бастау алған.
– Менің анам киім тоқитын, ал әжем өте шебер адам болатын. Әжем 95 жасқа дейін іс тігіп, газет оқитын. Сол кісілердің еңбексүйгіштігі мен ұқыптылығы менің өміріме бағыт берді. Қолөнер маған солардан дарыған қасиет деп білемін, – деп естелігімен бөлісті Гүлбақыт Жұмасанова.
Бүгінде сол отбасының дәстүрін жалғастырып, өз білгенін шәкірттеріне үйретіп келеді. Әр бұйымды тіккенде балаларға оның мән-мағынасын түсіндіріп, «ұлттық өнер – ұлттық рухтың айнасы» екенін ұғындырады.
– Қолөнер – тек әдемі бұйым жасау емес, тәрбие құралы. Әр өрнектің, әр тігістің артында тарих, дәстүр, ұлттық рух бар. Мен оқушыларға сол рухты сезінуді үйреткім келеді, – дейді ұстаз.
Тереңкөл аудандық оқушылар үйінде жұмыс істейтін шебер ұстаздың үйірмесінде бүгінде 15 оқушы бар. Қыз балалар ұлттық нақыштағы бұйымдарды өз қолымен жасап, дайын өнімді сатуға шығарады.
Үйірмеге қатысушылар – бесінші сыныптан бастап 11-ші сыныпқа дейінгі жасөспірімдер. Олар қоржын тігуді, құрақ көрпе жасауды, ұлттық киім тігуді, сондай-ақ сәндік бұйымдар жасауды үйренеді.
– Оқушылар тек тігіс тігіп қоймай, дайын өнімге тапсырыс қабылдап, сата алады. Бұл оларды еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа және өз еңбегін бағалауға үйретеді. Мен оларға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетемін, – деді Гүлбақыт Жұмасанова.
Шебер ұстаздың ең ерекше туындысы – «ПВС» материалынан жасалған авторлық «шашу қоржыны». Бұл – оның өз қолымен, өз идеясымен дүниеге келген ерекше бұйым.
Ол балалармен бірге түрлі жәрмеңке, көрмелер мен байқауларға қатысып келеді.
Ұстаздың басты арманы – қолөнер арқылы ауыл балаларына жаңа мүмкіндік беру.