Павлодар облысы жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша республикада екінші орында

Бұл туралы облыс әкімдігінің аппараттық жиынында айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде биыл мемлекеттік және жеке жобалар аясында жиырма бес мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде он тоғыз мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орындары. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова облыс әкімдігінің аппараттық жиналысында баяндады.
– Бірінші қазанға дейін жиырма бес мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық жоспардың 100,2 пайызын құрайды. Оның ішінде он сегіз мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа тұрды. Ал жұмыспен қамтылған азаматтардың 81,1 пайызының міндетті зейнетақы жарналары бар, – деді ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бастамасы аймақ бойынша 107,5 пайызға орындалған. Бұл бағытта облыс республика бойынша екінші орында тұр.
Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің көрсеткіштері оң екенін атап өтіп, кейбір аудандардағы баяу жұмысты сынға алды.
– Аймақ барлық көрсеткіштерге қол жеткізгенімен, кейбір аудандарда, әсіресе Успен, Ақтоғай және Железин өңірлерінде жұмыс баяу жүріп жатыр. Зейнетақы жарналарының төмендігі байқалады, – деді әкім.
Өз кезегінде Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев жағдайдың жақсарғанын алға тартты.
– Қазір аудан бойынша көрсеткіш 94 пайызды құрап отыр. Он бесінші қарашаға дейін жоспар толық орындалады. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша біз 124 пайыздық нәтижеге жеттік, – деді аудан әкімі.
Кейін Ақтоғай ауданының басшысы соңғы екі айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Аудан бойынша жүз елуге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде жетпістен астам адам білім беру саласына, жетпіске жуығы мәдениет, денсаулық сақтау және шаруашылық қожалықтарына қабылданды. Қыркүйек айы бойынша барлық жұмысқа тұрған тұлғалардың міндетті зейнетақы төлемдері аударылды, ал қазан айы бойынша аударымдар ай соңына дейін толық орындалады, – деді кент басшысы Абылай Аманжолов.
Келесі кезекте сөз алған Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовта аудан көрсеткіштерін жыл соңына дейін толық орындауға уәде берді.
– Қыркүйек және қазан айының басында аудан бойынша 226 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде жүзден астамы маусымдық от жағушы ретінде, елуден астам адам шаруашылық қожалықтарында, ал қалған 48 адам білім және мәдениет саласында жұмыс істейді. Барлық зейнетақы төлемдері осы аптаның соңына дейін толық аударылады, – деді ол.
Жиынды қорытындылаған Асайын Байханов жұмыспен қамту және зейнетақы жарналары бойынша көрсеткіштерді уақтылы орындау қажеттігін қатаң тапсырды.