Туристер көп келетін Баянауылда тазалыққа бақылау күшейеді

Туристер көп келетін Баянауылда тазалыққа бақылау күшейеді
Фото: Амира Жартекей

Өңір басшысы жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барып, өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуы мен санитарлық жағдайын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаев Сабындыкөл жағажайында өткен жылы жүргізілген абаттандыру жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, нысан толықтай бағалаудан өтіп, қазіргі таңда сенімгерлік басқаруға беру үшін аукцион рәсімдері жүргізілуде. Жоспар бойынша, 5 мамырға дейін мердігер анықталып, 15 мамырға қарай келісімшарт толық рәсімделеді. Жағажай үш жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беріледі, алайда мүлік мемлекет меншігінде қалады.

Бүгінде жағажай аумағында 80-ге жуық күрке, балалар ойын алаңдары, футбол және волейбол алаңдары, ұзындығы 1200 метрге жуық жаяу жүргіншілерге арналған тротуар бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен келушілер үшін көлге түсетін арнайы төрт орын қарастырылған. Қажетті санитарлық нысандар орнатылған.

– Аудан бойынша жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Екібастұз және Баянауыл жастары Жасыбай демалыс аймағында вандализм салдарын жою, жартастардағы жазуларды өшіру және аумақты тазалау жұмыстарын жүргізді. Жалпы аудан бойынша 14 туристік маршрут бекітілді. Оларды тазалау жұмыстары 15-20 мамырға дейін аяқталады, – деді Ардақ Кісентаев. 

Дегенмен, өңірде қоқыс жәшіктерінің жетіспеушілігі мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі оларды жергілікті бюджет есебінен сатып алып, туристер көп шоғырланатын орындарға орнатуды тапсырды. Атап айтқанда, Кемпіртас, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі, Әулиебұлақ және Қоңыр Әулие сияқты нысандарда бұл мәселе өзекті.

Аймақ басшысы тазалық жұмыстарын тек орнатумен шектемей, қоқысты уақытылы шығару үшін коммуналдық қызметті жүйелеу ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Қажет болған жағдайда арнайы техника алу мүмкіндігі де қарастырылатынын жеткізді.

Сонымен қатар, бір ай ішінде аудан аумағындағы барлық елді мекендер мен туристік бағыттарды толық тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Бұл іске қоғамдық ұйымдар мен еріктілерді тарту, сондай-ақ Павлодар және Екібастұз қалаларынан қосымша күш жұмылдыру жоспарланып отыр.

Аудан әкімінің мәліметінше, мамыр айында «Таза Баян – таза жүрек» экологиялық акциясы аясында Павлодар қаласынан 160-қа жуық ерікті келіп, Жасыбай аймағында екі күндік сенбілік өткізеді.

Өз кезегінде Баянауыл МҰТП директоры Алмаз Жұмашев ұлттық парк аумағында 65 мемлекеттік инспектор тәулік бойы жұмыс істейтінін, ал жазғы маусымда қосымша 20-ға жуық санитарлық қызметкер тартылатынын атап өтті.

Асайын Байханов табиғатты қорғау мәселесіне ерекше тоқталып, заң бұзушыларға ешқандай жеңілдік болмауы тиіс екенін қатаң ескертті.

–  «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» – жай ұран емес. Табиғатқа зиян келтірген әрбір адам міндетті түрде жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлу, жануарларға зиян келтіру сияқты әрекеттерге жол берілмейді. Қажет болса, әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы керек, – деді өңір басшысы.

Ол сондай-ақ табиғатты қорғау – ортақ міндет екенін атап өтіп, жыл сайын өңірге келетін 200 мыңнан астам туристің қауіпсіздігі мен мәдени демалысын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды күшейтуді тапсырды.