Успен ауданындағы мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Успен ауданындағы мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды
Фото: pexels.com/Mauro Motozono

Ауыл тұрғындары көтерген мәселе облыс әкімімен өткен кездесулер барысында бірнеше рет айтылған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары мамырдың ортасында қолға алған. Жоба аясында ғимараттың шатыры ауыстырылып, терезелер мен есіктер жаңартылады. Сонымен қатар, су, электр және жылу жүйелері жөнделіп, өрт қауіпсіздігі жүйесі орнатылады. Көрермендер залы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, аумақ абаттандырылады.

– Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 160 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстары Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүргізілуде, – деп хабарлады жауапты мамандар.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары мәдени іс-шараларды өткізуге арналған заманауи әрі жайлы орталыққа ие болады.