Павлодарда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мисуагы мен қоржыны көрмеге қойылды

Павлодарда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мисуагы мен қоржыны көрмеге қойылды
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Бабалар мұрасы» атты көрме өтті, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz тілшісі.

Көпшілік назарына Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев мұражайынан ақын, әулиенің жеке заттары қойылды. 

– Бұл көрмеге атамыздың жеке заттарын алып келдік. Оның ішінде әулиенің жеке қолданған қоржыны мен тіс тазалайтын мисуагі бар. Мәшһүр Жүсіп музейінде атамыздың қолы тиген жәдігерлер көп сақталған. Бүгінгі таңда да музей жұмысын тоқтатпай, жәдігерлермен толықтырылуда, – деді Мәшһүр Жүсіп Көпеев мұражайының меңгерушісі Әсет Пазылов.

Ақын, қазақ ауыз әдебиетін жинауда зор еңбек сіңірген тарихи тұлға, ұлы ғұлама  Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай және ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, аса көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арналған көрме үш күнге созылмақ. Қала тұрғындары мен қонақтары бесінші қазанға дейін Ертіс-Баян өңірінің ақыны мен әулиесіне байланысты жәдігерлерді тамашалай алады. 

Айта кетейік, Торайғыровтың  таңдамалы шығармалар жинағына Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бастамасымен Торайғыров университетінің демеушілігімен реставрация жасалған. Еңбек Алматыдан 2014 жылы Дихан Әбілевтың жеке кітапханасынан зерттеулер барысында табылған.