Жарқынбек Амантай ақсақалдардың батасын алды
Бүгін «Amanat» партиясының Павлодар облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жарқынбек Амантай өңір ақсақалдарымен кездесті. Үгіт-насихат шарасын аға ұрпақтың батасымен бастады.
Кездесуге әр салада қызмет істеп, өңіріміздің және еліміздің даумына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдері қатысып, «Amanat» партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлерге сәттілік тіледі.
- Мәжіліс депутаттығына ниетті азаматтарға артылатын жүк ауыр. Оны сайлаушылар да, кандидаттардың өздері де сезеді деп ойлаймын. Сондықтан оларға үлкен сенім артамыз, - деді Павлодар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев.
Ал мемлекет қайраткері Александр Вербняк жастардан көп үміт күтетінін айтты.
- Мен Мәжіліс депутаттығына кандидат Жарқынбек Амантайдың өмірбаянымен, еңбек жолымен толық танысып шықтым. Жалпы, соңғы жылдардағы аяқ алысы да барлығымыздың көз алдымызда. Оны жас та болса тәжірибесі бар, жігерлі азамат деп білемін. Бірнеше маңызды қызметтер атқарып үлгерген. Облыс мүддесін Парламент мінберінен де абыроймен қорғайтынына сенімін мол, - деді Александр Федорович.
Өз кезегінде Павлодар облысының атынан бір мандатты округтан Мәжіліс депутаттығына сайлауға түсетін Жарқынбек Амантай ақсақалдарға зор сенімі үшін алғысын білдірді.
- Халқымызда алыс жолға шықсақ немесе үлкен бастаманың алдында ақсақалдардың батасын алатын дәстүріміз бар. Аттан құласақ та, салттан құламаған елдің баласымыз. Осы кездесуге келіп, маған қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбек жолдарыңыз мен үшін үлгі. Артқан сенімдеріңіз маған аманат! – деді Жарқынбек Амантай.
Кезедесу соңында өңіріміздің белгілі батагөй ақсақалы Балтабай Сыздықов жас кандидатқа ақ батасын берді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Ж.Амантайдың сайлау қорының қаражатынан төленді
Фото: Виктор Рябов