Павлодарлық шебер ертоқымның жаңа түрін жасап шыққан

Павлодарлық шебер ертоқымның жаңа түрін жасап шыққан

Г.Н. Потанин атындағы  облыстық тарихи - өлкетану музейінде қолөнерші Ержігіт Тоқтарұлымен кездесу кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Кездесуге зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындары оқытушылары, университеттер мен колледж студенттері қатысты. 

Ержігіт Тоқтаров ағаштан қымызға және етке арналған ұлттық ыдыс-аяқтар, домбыра, сонымен қатар ат әбзелдерін (ер-тоқым, жүген, т.б), былғарыдан ерлер белдіктерін жасайды. 

Шебердің айтуынша, терімен жұмыс жасау бала кезінен жанына жақын болған. 1999 жылдан бастап ат әбзелдерін жасауға, жалпы қолөнерге келген. Сонымен қатар, өнер жолына келуіне себепкер асқар тау әкесі мен ағасы екенін баса айтты.

-  Қос ішекті домбырамызды 15 жыл жасадым. Соның нәтижесінде қазақи нақышта тостағандар мен түрлі ыдыстар істей алдым. Қайрат Әлімғазин деген ұстазымыз ат әбелдерімен жұмыс жасауды үйретті. Ақырындап уақыт өте ертоқым жасауға бет бұрдым. Ат әбзелдерімен жұмыс жасап жүргеніме биыл 8 жыл, - деді  Ержігіт Тоқтаров.

Қолөнер шебері ертоқымды дайындауға жасалу жолына қарай уақыт жұмсалатынын атап өтті. 

- Себебі, өнер көңілмен жасалатын дүние. Тапсырыс түскенде көңілің соқпаған сәттерде бірнеше ай көлемін алып қалады. Жылына 9-10 ертоқым жасаймын. Қазіргі таңда ертоқымды әртүрлі бағалайды. Бұйымның сатылымдағы бағалары 500 мыңнан жоғары. Тіпті 2-5 миллионға дейін жетеді,- дейді Ержігіт Тоқтаров.

Жұртшылықпен кездесу барысында шебер теріден ою оюдың әдісін көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Тарихшы, қолөнер саласында тәлім алып жүрген жас буын өкілдері көкейлерінде жүрген сұрақтарға мардымды жауап ала білді. 

Сонымен қатар, Ержігіт Тоқтаров өзі ердің жаңа түрін жасап шыққанын айтты. 

- Алматының тері шеберлерін 20 жылдан аса уақыт танысам да, жұмыстарынан өзгеріс байқамадым. Өз қолтаңбамды шығару үшін «қазақи ер» ұғымын енгізе бастадым. Қазақтың 35 түрлі ер бар. Олар: орта жүз ер, найман ер, керей ер деген сияқты кете береді. Қазіргі кезде көліктің маркасына қарап қай елден екенін біліп жатса, байырғы кезде ертоқымына қарап білген. Бір ғасыр бұрынғы ерлерді қарасақ басқаша жасалған. Ал, мен жасалу жолын өзгерттім. Американдықтардың  үлгісіне қарап, ресейдегі жасалуына көз жүгіртіп, қайталанбас ертоқымның жаңа түрін жасап шықтым. Негізі ертоқым бір теріден жасалады. Тек өрнектері мен пішімдерінен айырмашылық болады. Арнайы әрлеумен жасалатын дүниенің бағасы ерекшеленеді, - деді шебер.

Ат әбзелдерін жасаушы шебер Ержігіттің қолынан шыққан ертоқымдардың 10-ы Біріккен Араб Әмірліктеріне, біреуі Хорватияға, ал екеуі  Шешен республикасына жол тартқан.

Аяулым Төлегенова