Тереңкөлде екі бала иіс газынан уланып, ауруханаға түсті
Оқыс оқиғаға мұржаның уақытылы тазаланбауы себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында күннің суытуына байланысты жеке сектор тұрғындары пеш жағуды бастады. Осыған орай төтенше жағдайлар департаменті пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.
6 қазанда Тереңкөл ауданында қатты отынмен жұмыс істейтін пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан 2012 және 2015 жылы туған екі бала иіс газынан уланып, ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға мұржаның уақытылы тазаланбауы себеп болған. Балалар Павлодар қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Иіс газы түссіз әрі иіссіз болғандықтан, оның таралғанын адам бірден байқамауы мүмкін. Пештің ысырмасын отын толық жанбай тұрып жабу, сондай-ақ пеш пен мұржадағы жарықтардың болуы иіс газының тұрғын үйге таралуына әкелуі ықтимал.
ТЖД тұрғындарға жылыту маусымы басталар алдында мұржаны тазалап, пеш пен мұржадағы жарықтарды бітеуді, пеш алдына жанбайтын төсем орнатуды және отын толық жанғанша пештің ысырмасын жаппауды ескертеді. Сондай-ақ үйге иіс газының датчигін орнату ұсынылады.
Иіс газынан уланудың алғашқы белгілері байқалса, дереу таза ауаға шығып, жедел жәрдем шақыру қажет.
Пешті дұрыс пайдалану – өрт пен иіс газынан уланудың алдын алудың маңызды шарты.