«Қызың жол апатына кінәлі»: Павлодарда зейнеткер 2 млн теңгесін алаяққа беріп қойған
Жедел іздестіру іс-шарасын өткізу барысында астаналық азамат ұсталды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 89 жастағы қала тұрғынына үй телефонына қоңырау шалған белгісіз ер адам өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызының жол-көлік оқиғасына кінәлі екені жайлы айтқан. Шынында да қызы бар зейнеткер мұндай жағдайда не істеу керектігі жайлы сұраған. Ер адам мәселелерді шешу үшін 5 миллион теңге көлемінде ақша қажет екенін хабарлаған, алайда зейнеткерде мұндай сома болмаған. Бар-жоғы 2 миллион теңге бар екенін айтқан.
– Біраз уақыттан кейін пәтердің есігіне қоңырау соққан. Зейнеткер өзінің жинаған ақшасын есіктің алдында тұрған бейтаныс адамға берген. Көп ұзамай қызы үйге келгенде әлгі адамдар үй телефонына қайта қоңырау шалып, ақша жетпейтінін айтқан. Сол сәтте қызы анасының алаяқтарға алданып қалғанын түсініп, полицияға қоңырау шалды, – дейді департаментте.
Жедел іздестіру іс-шарасын өткізу барысында Павлодар облысы криминалдық полиция қызметкерлері астаналық әріптестерімен бірлесіп, Астана қаласының 34 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол жауап алу барысында Telegram мобильді қосымшасында ақша қаражатын тасымалдау үшін курьер қажет екені туралы хабарландыру көргенін айтқан. Әрі қарай осы сілтеме бойынша өтіп, белгісіз никпен диалогты бастаған. Оған жалақысы әр ақша аударымы мен тасымалының 10% болып түсетінін түсіндірген. Ол бірден келісіп, нұсқау бойынша қолма-қол ақша алып, екінші деңгейдегі банктердің әртүрлі шоттарына аударған.
«Курьерге» қатысты осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айта кетерлігі, 2023 жылдың ағымдағы кезеңінде өңір аумағында 294 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.
Криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі азаматтарға, әсіресе егде жастағы азаматтарға қырағы болуға және мұндай қоңырауларға сенбеуге кеңес береді.