Павлодарлықтарға терезеге қауіпсіздік торын құру ескертілді
Соңғы 3 жылда терезеден 30-дан астам бала құлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім басқармасы жыл сайын көптеген балалар биіктіктен құлап зардап шегіп жатқанын айтып, дабыл қақты.
Статистика бойынша, соңғы 3 жылда терезеден 31 бала құлап, оның ішінде 8 бала қайтыс болған.
- Бұл туралы жиі айтылғанымен, қайғылы жағдайлар азаймай отыр. Күн жылынып, терезелердің ашылуына байланысты балалардың ашық терезеден құлауы қайғылы жағдайға алып келуде. Көптеген ата-аналар терезені ашық қалдырудың бала өмірі үшін қауіпті екенін ұмытып кетеді, - делінген хабарламада.
Басқармасы ата-аналарды негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- Балалардың ашық терезелердің жанында ойнауына жол бермеңіз;
- Терезеде москиттік торлар болғанымен олар темір тор секілді болмайтынын есте сақтаңыз;
- Баланың өздігінен терезенің алдына шығып алмауы үшін жиһазды терезеден алысырақ жерге орналастырыңыз;
- Балаңызға терезеден бір нәрсе көрсету мақсатында оған терезенің алдында тұруды үйретпеңіз;
- Бөлмені желдету үшін терезенің көзін пайдаланыңыз немесе терезенің жоғарғы жағын ашып желдетіңіз;
- Терезенің тұтқаларын алып тастаңыз немесе арнайы құлпы бар тұтқаларды орнатыңыз;
- Терезеге бекіткіштер мен бұғаттағыштар орнатыңыз.
Балаңыздың өмірі мен денсаулығы сіздің қолыңызда.