Қызылордадан Павлодарға тонналап күріш пен тұз жеткізіледі
Бұл өңірдегі агробизнесті дамытуға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен демалыс күндері Қызылорда облысында «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауыл дамуының негізі» атты республикалық семинар өтіп, оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың мамандары, агробизнес өкілдері қатысты.
Семинарға облыс атынан ауыл шаруашылығы басқармасының, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар» АҚ өкілдері және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Барлық қатысушылар әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялардың қаражатына салынған бірқатар әлеуметтік нысандар мен спорттық инфрақұрылымдарды аралады.
– Семинар қорытындысы бойынша облысымызда аграрлық-өнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту үшін «Павлодар» ӘКК» АҚ «Асыл Дән ЛТД» ЖШС және үш миллион «Абай Дәулет» ЖШС-мен 204 тонна күріш және 68 тонна тұз жеткізуге келісім-шартқа отырды, – делінген хабарламада.
Келісім-шарттың жалпы сомасы 85 миллион теңгені құрады.
Сондай-ақ шара барысында ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері марапатталды.
«Үздік шаруа қожалығы» аталымы бойынша «AGRO Terra» ЖШС басшылары – Ербол Әлібеков және «Галицкое» ЖШС – Александр Касицын марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, Успен ауданының «Галицкое» шаруа қожалығына ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің өзі ілтипат білдірді.