Павлодар облысында балаларға қатыгездік танытуыға қатысты 50 жағдай тіркелді
Оған тек ұрып-соғу ғана кірмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының бас штаттан тыс балалар нейрохирургі Талғат Қасымбековтың айтуынша, 2024 жылдың жеті айында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың 50 жағдайы тіркелді. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 9 жағдайға көп.
– Көп жағдайда мұндай жарақаттарды қолайсыз отбасылардан шыққан, ересектердің қарауынсыз қалған балалар алады. Алайда, ол міндетті түрде ұрып-соққан деп есептелмейді. Мысалға, қараусыз үйде қалып, үш-төрт күн тамақ, су ішпей, қамауда отырған жағдайлар да кіреді. Осындай балалар да тіркеуге алынып, жалпы есепке кіреді, – деді Талғат Қасымбеков.
Оның сөзінше, жыл басынан өңірде кәмелетке толмағандар арасында балалар жарақатының 19 068 жағдайы тіркелді, бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 422 жағдайға немесе 2,2%-ға аз.
Жарақаттардың жалпы санының ішінде 1 397 жағдай ауыр және орташа ауыр жағдайларға жатады. Олардың барлығы облыстың медициналық ұйымдарының травматологиялық бөлімшелеріне жатқызылды. Ең жиі кездесетіні – тұрмыстық жарақаттар, олар 7 145 жағдайды немесе жалпы жарақаттардың 37,5% құрады. Көшедегі жарақаттар 6 255 жағдайды немесе 32,8% құрады.