Ақсуда әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан тұрғындарға дұрыс төлем жасалмаған
Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының прокуратурасы мемлекеттік көмек алу кезіндегі әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан 27 мың азаматтың құқықтарын негізсіз шектеу фактілерін анықтады.
– Өңірде азаматтарға әлеуметтік маңызы бар аурудың 13 түрінің орнына бес түрі бойынша ғана мемлекеттік көмек төленген. Қадағалау актісі бойынша Ақсу қаласының нормативтік-құқықтық актісіне өзгерістер енгізілді, енді аурудың әртүрлі түрлеріне шалдыққан 1 366 азамат қосымша 50 миллион сомаға (әр адамға жыл сайын 10 АЕК) арнаулы төлемдермен қамтылды, – дейді облыстық прокуратурада.
Облыстың қалған қалалары мен аудандарында 700 млн теңгеден астам сомаға қаржыландыруды ұлғайту бойынша жұмыстар, сондай-ақ бюджетті қайта қарау және нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау (өзгерту) бойынша тиісті рәсімдер жүргізілуде.