Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілердің құқығы қорғалды

Департаменттің талдау жұмыстары барысында іссапар шығындарын өтеу мәселесі де көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтау мен қалпына келтіру – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басты бағыттарының бірі. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында аталған бағытта кешенді іс-шаралар қабылданып, нәтижесінде 186 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілген.
– Мәселен, жұмыс уақыты режимінің сақталуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 83 қызметкердің еңбек құқығы қорғалып, оларға заңды түрде тынығу уақыты берілді. Жұмыс уақытының заңсыз ұлғаюы бойынша анықталған бұзушылықтар үшін сегіз басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді департаментте.
Сонымен қатар, департаменттің талдау жұмыстары барысында іссапар шығындарын өтеу мәселесі де көтеріліп, 69 мемлекеттік қызметшіге 7,8 миллион теңгеден астам өтемақы төленді.
– Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау – біздің күн тәртібіміздегі маңызды мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі, – деді ведомствода.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мәселесі облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің тұрақты бақылауында қала береді.