Асайын Байханов Ақсудағы құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйдің жай-күйін тексерді
Тұрғын үй төрт қабатты, 81 пәтерге негізделіп салынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына жасаған жұмыс сапары барысында құрылысы ұзаққа созылған көп қабатты тұрғын үйге барып, ондағы жұмыстың барысымен танысты.
Өңір басшысы мердігер ұйым өкілдерінен жобаның орындалу деңгейі, инженерлік желілердің тартылуы және ішкі әрлеу жұмыстары туралы сұрады.
Нысан бойынша жауапты мердігер ұйым – «GSU Құрылыс» компаниясы. Компания директорының орынбасары Руслан Жұматаевтың айтуынша, тұрғын үй төрт қабатты және 81 пәтерден тұрады. Оның 54-і 3 бөлмелі, 27-сі 4 бөлмелі пәтер.
Қазіргі уақытта ғимаратта ішкі әрлеу, электр және сантехникалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, пәтерлерге қажетті инженерлік желілер тартылып, ішкі коммуникацияларды монтаждау жалғасуда. Жоба аясында электр желілері, сантехникалық жүйелер және таза әрлеу жұмыстары толық қамтылған.
Облыс әкімі ұзаққа созылған құрылыстың аяқталу мерзіміне ерекше назар аударды. Әсіресе, алдағы жылыту маусымына дейін ғимаратты жылумен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу қажеттігін айтты.
Мердігер өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта жертөле бөлігін жылу беруге дайындау және қажетті жылу тораптарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жылу жүйесі іске қосылған жағдайда қыс мезгілінде де ішкі әрлеу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік болады.
Асайын Байханов мердігерлерден құрылыс қарқынын арттырып, ұзаққа созылған нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды талап етті.
Руслан Жұматаевтың айтуынша, құрылыс келісімшарты бойынша нысанды салу мерзімі 10 айды құрайды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жұмыстарды жеделдетуге күш салып жатқанын жеткізді.
Өңір басшысы нысандағы инженерлік желілердің дайындығы мен ішкі әрлеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөліп, жылыту маусымы басталғанға дейін негізгі коммуникацияларды толық аяқтау керектігін тапсырды.

– Жұмысты созбау керек. Жылу берілсе, қыс мезгілінде де ішкі әрлеу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік болады. Сондықтан барлық мүмкіндікті пайдаланып, жұмысты уақытылы аяқтау қажет, – деді Асайын Байханов.
Айта кетелік, аталмыш тұрғын үйдің құрылысын аяқтау мәселесі облыс басшылығының жіті бақылауында болмақ.