Успен ауданында бонустық трансферт есебінен жолдар жөнделді
Екі ауылда кентішілік жолдар тұңғыш рет асфальтталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен ауданында бонустық трансферттер шеңберінде 290,6 миллион теңге бөлініп, бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Қаражат есебінен Тобылжан, Қозыкеткен және Қызылағаш ауылдарында кентішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы жөнделген жолдардың ұзындығы 4,2 шақырымды құрады.
Айта кетерлігі, кентішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары Қызылағаш және Қаратай ауылдарында алғаш рет жүзеге асырылды.
– Халықпен тұрақты кездесулер барысында ең көп көтерілген мәселенің бірі – ауылішілік жолдардың жай-күйі болатын. Бонустық трансферт есебінен орталық көшелерді жөндеп, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды толық асфальттауға мүмкіндік туды, – деді аудан әкімі Нұрболат Мақашев.
Сонымен қатар, Қызылағаш ауылында шағын футбол алаңы мен воркаут алаңы орнатылды.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен Успен ауылында бассейн құрылысы толық аяқталды. Жобаның жалпы құны 598,6 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру үшін «Құрылыс «МСУ» ЖШС-мен 565,9 миллион теңгеге шарт жасалды.
Ұзақ жылдар бойы тұрғындар көтерген бассейн салу мәселесі түпкілікті шешімін тапты. Қазіргі таңда нысан бойынша құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде, алдағы уақытта бассейн пайдалануға берілмек.