Павлодарда жауын суын бұру үшін арнайы құдық салынбақ

Павлодарда жауын суын бұру үшін арнайы құдық салынбақ
ЖИ иллюстрациясы

Облыс орталығының тұрғындары жауын-шашыннан кейін көшелерде жиналатын су және кәріз жүйесіне қатысты мәселені билікке жеткізді,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен кезекті кездесуін өткізіп, қаланың инфрақұрылымына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында көшелердегі су тасқыны және жеке секторды орталық канализацияға қосу мәселелері сөз болды.

Тұрғындардың бірі көктем-жаз мезгілінде, сондай-ақ жаңбырдан кейін бірнеше көшеден аққан судың бір жерге жиналатынын айтты. Оның сөзінше, жауын суы кәріз құдықтарына түсіп, жүйеге қосымша салмақ түсіреді.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков бұл мәселені шешу үшін арнайы жергілікті құдық орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

— Келесі жылы бұл мәселені шешуге тырысамыз. Жауын-шашын суын жинайтын, тұндырғыш қызметін атқаратын жергілікті құдық орнатуды қарастыру қажет. Су алдымен сол жерге жиналып, тұндырылғаннан кейін ғана кәріз жүйесіне жіберіледі, - деді шаһар басшысы.

Кездесу барысында Хабаровская көшесінің тұрғыны да кәріз жүйесіне қосылу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, көшеге кәріз желісі үш жыл бұрын тартылғанымен, қажетті құжаттардың рәсімделуі ұзаққа созылып келеді.

Хасар Хабылбеков тұрғынға құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмек көрсетуді тапсырды. Әкім өтініш иесімен кездесіп, қажетті құжаттарды қарап, оларды онлайн жүйе арқылы дұрыс тапсыруға жәрдемдесуді жауапты мамандарға міндеттеді.

Тұрғындар өзекті мәселелерді шешуге назар аударғаны үшін қала әкімдігіне алғыстарын білдірді.