Асайын Байханов Threads-та жұмыс іздеген павлодарлық бойжеткенге жауап берді

Асайын Байханов Threads-та жұмыс іздеген павлодарлық бойжеткенге жауап берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

19 жастағы қала тұрғыны әлеуметтік желіде түнгі ауысымға жұмыс іздеп жүргенін жазған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Threads әлеуметтік желісінде жұмыс іздеген 19 жастағы павлодарлық бойжеткеннің жазбасына жауап берді. Қала тұрғыны парақшасында Павлодардан түнгі ауысымға жұмыс іздеп жүргенін жазған.

– Павлодар. Жұмыс іздеймін. 19 жастамын. Түнгі ауысым, – делінген жазбада.

Оның жазбасына Асайын Байханов пікір қалдырып, 109 қолдау қызметіне жүгінуге кеңес берді. Сондай-ақ қызметтің мекенжайын көрсетті.

– 109 қолдау қызметіне хабарласып көріңіз. Операторлар екі ауысымда жұмыс істейді. Олар Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 80, екінші қабаттағы Азаматтарды қабылдау орталығында орналасқан, – деп жазды облыс әкімі.

Өңір басшысының жауабы бойжеткен үшін күтпеген жағдай болған. Ол әкімге алғыс айтып, оны әлеуметтік желідегі пікірлер арасынан кездестіремін деп ойламағанын жеткізді.

– Рақмет. Сізді веткада көремін деп ойламадым, – деп жауап берді бойжеткен.

Асайын Байханов оған жұмыс табылатынын айтып, алаңдамауға шақырды.

– Жұмыс табылады, уайымдамаңыз, – деп жазды өңір басшысы.

Әкім мен бойжеткеннің диалогы басқа қолданушылардың да назарын аударды. Олардың бірі өңір басшысының жұмыс іздеген тұрғынға тікелей жауап бергеніне қатысты пікір білдірді.

– Әкімнің жұмыс ұсынуы – міне, деңгей, – деп жазды қолданушы.

Тағы бір тұрғын мүмкіндікті пайдаланып, облыс әкімінен өзіне де жұмыс табуға көмектесуін сұрады.

– Маған да жұмыс тауып беріңізші, әкім мырза, – деп жазды ол.

Асайын Байхановтың 109 қолдау қызметіне жүгіну туралы пікірі үш мыңнан астам реакция жинады.