Ақсуда банк картасын алаяқтарға тапсырған ер адамның бас бостандығы шектелді
Ол 1,2 миллион теңгені шешуге көмектесіп, жазаға тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының соты ақша қаражатын қолма-қол етуге бағытталған алаяқтық схемаға қатысы бар Ақсу қаласының жас тұрғынына қатысты үкім шығарды. Бұл туралы облыс бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
– Сотталған адам алаяқтарға өзінің банк карталарын және реквизиттерін беріп отырған, соның нәтижесінде азаматтардан ұрланған шамамен 1,2 миллион теңге шешілген. Оның әрекеттері алаяқтық операциялардың жүзеге асуына мүмкіндік беріп, жәбірленушілерге айтарлықтай материалдық шығын келтірген, – деді Ақсу қаласы пробация қызметінің бастығы, юстиция майоры Олжас Қалымов.
Сот үкімімен ер адамға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Шешімді орындау аясында пробация қызметінің қызметкерлері сотталған адамның тұрғылықты жерін бақылау және міндеттемелерді сақтауын қадағалау мақсатында оған электронды білезік орнатты.
Банк карталарын, реквизиттерін беру немесе күмәнді қаржылық схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке және ауыр құқықтық салдарға алып келуі мүмкін.