Павлодар облысының 50 мыңнан астам оқушысы лагерьге барады
Өңірде 300-ден астам мектеп жанындағы лагерь ашылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова мәлім етті.
– 43 092 оқушыны қамтитын 304 мектеп жанындағы лагерь мен алаң ашылмақ. Сондай-ақ 56 184 оқушыны қамтитын 467 бейіндік лагерь мен жасақтың жұмысы ұйымдастырылады, –дейді Роза Ақанова.
Спикердің мәліметінше, демалыс маусымында 109 мыңнан астам оқушыны демалыстың, сауықтыру мен жұмыспен қамтудың барлық түрлерімен қамту жоспарлануда.
– Аққулы ауданында ата-аналар жұртшылығын барынша тарта отырып, бес киіз үй лагері үш шатырлы лагерь ұйымдастырылады. Ал Екібастұз қаласындағы «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешені ауласында киіз үйлер құрылып, этноауыл ұйымдастырылады. Ол жерде қала мектептерінің оқушылары сауықтырылады, – дейді спикер.
Айта кету керек, қала сыртында 12 балалар лагері жұмыс істейді. Оның ішінде тоғызы – мемлекеттік, үшеуі – жеке меншік.
Еске сала кетейік, жазғы маусым қарсаңында ағымдағы жылдың 5 мамыры мен 31 тамызы аралығында облыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қауіпсіз балалық шақ» акциясын өткізу жоспарланған.