Павлодар облысында агроөнеркәсіптің дамуына ықпал ететін жобалар ұсынылды

Павлодар облысында агроөнеркәсіптің дамуына ықпал ететін жобалар ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оларды іске асыру үшін қолдау шаралары да қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодарда «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасы аясында бүгін НҰХ «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Аяпбергенов және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен кездесу өтті.

– Өңір жалпы құны 53,3 миллиард теңгені құрайтын 18 жобаны таныстырды. Аталған жобаларға тауарлы сүт фермаларын салу, сүт пен көкөністі қайта өңдеу, құс шаруашылығын кеңейту, заманауи көкөніс қоймаларын салу және суармалы жерлерді дамыту бағыттары кіреді, – деді облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева.

Қаржы институттары бизнеске қолдау көрсетудің негізгі тетіктерін таныстырды: 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру, «Даму» қоры арқылы кепілдік қамтамасыз етуді 85%-ға дейін беру, несиелендіру мерзімін 15 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі, төлем бойынша 24 айға дейін жеңілдік кезеңін беру.

– Бизнес өкілдері ұсынылған бастамаларға үлкен қызығушылық танытты. Жалпы, Павлодар облысы айтарлықтай аграрлық әлеуетке ие: су ресурстарының дамыған жүйесі, тұрақты шикізат базасы, мал шаруашылығы мен көкөніс өндіру салаларындағы мықты көрсеткіштері бар. 2025 жылы өңір 1,1 миллион тонна астық және шамамен 1 миллион тонна картоп өндірді. Бұл терең өңдеуді дамытуға, жоғары қосылған құнды өнім шығаруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге берік негіз қалыптастырады, – деп атап өтті Айгерім Қабылтаева.

Ұсынылған жобаларды іске асыру облыстың елдегі агроөнеркәсіптік дамудың маңызды орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты экономикалық өсімге серпін береді.