Екі қызды зорлап, АИТВ жұқтырған павлодарлық өмір бойына сотталды
Сот кәмелетке толмағандарға қарсы ауыр қылмыс жасаған ер адамға ең қатаң жаза тағайындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 48 жастағы ер адамға үкім шығарылды. Ол дәрменсіз күйдегі кәмелетке толмаған екі апалы-сіңлілі қызды зорлап, абайсызда адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырғаны үшін айыпталды.
Сот анықтағандай, ер адам 2014 және 2015 жылдары туған екі қызға жыныстық зорлық-зомбылық жасаған. Қылмыс кезінде мүгедектігі бар балалардың жасы 10 және 11-де болған.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сотталған азамат қыздардың анасымен бірге тұрған. Былтыр көктемде ол мас күйінде балаларға қатысты ауыр қылмыс жасаған. Сол уақытта олардың анасы үйде болмаған.
– О. Қылмыстық кодекстің 121-бабының төртінші бөлігі және 120-бабының төртінші бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді, – деп үкімді жариялады судья Жанна Нығыбаева.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.