Екібастұз перзентханасында сәбилерді салтанатты түрде шығаратын бөлме жасалады
Медициналық мекеме биыл күрделі жөндеуден өтпек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде екібастұздықтар жаңа туған нәрестелерді салтанатты түрде шығаруға жағдай жасауды сұрады. Ал әзірше күннің суығында туыстары ана мен баланы сыртта күтуге мәжбүр.
Екібастұз қалалық ауруханасы биылғы жылы гинекологиялық корпуста жөндеу жұмыстары өтетінін хабарлады. Ғимаратта радиаторлар, коммуникациялар, терезелер ауыстырылады. Жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді деп күтілуде. Мердігер – көп профильді құрылыс компаниясы «Мұнайқұрылыс» ЖШС.
– Жөндеу жұмыстары кезінде санитарлық-эпидемиялық ережелерге сәйкес жаңа туған нәрестелерді шығаруды ұйымдастыруға арналған бөлме белгіленеді. Қызылша мен ЖРВИ бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты қазіргі уақытта перзентхана ғимаратына кіруге шектеу қойылған, – дейді медициналық мекемеде.
Нәрестені шығару бөлмесі кемінде 70 шаршы метрді алады. Сонымен қатар, қызметкерлер жаңа туған нәрестелерді онлайн бақылауға мүмкіндік жасамақ.
Перзентханада 88 төсек-орын және төрт бөлімше бар: гинекологиялық, перзентхана, жаңа туған нәрестелер мен жүкті әйелдер патологиясы. Өткен жылы аталмыш мекемеде 2248 сәби дүниеге келген.