Екібастұз әкімі құдықтардың жай-күйін тексерді
Кеншілер қаласында жеке сектор тұрғындары жолдар мен құдықтардың нашар күйіне шағымданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы шаһар басшысы өзінің Instagram парақшасында жазды.
– Первомайская көшесіндегі жеке сектордың тұрғындары жол мен құдықтардың жай-күйі туралы сұрақпен жүгінген. Коммуналдық қызметтерге құдықтардың баланс ұстаушысын анықтап, тиісті түрге келтіруді тапсырдым. Қалалық желілерге тексеріс жүргізуді және жарықтандыру мәселесін қолға алуды жүктедім, – деді Аян Бейсекин.
Сонымен қатар, күзге дейін аталмыш көшені профильдеуді жүзеге асырылмақ.
Бұдан бөлек, қала әкіміне Бауыржан Момышұлы көшесі, 99 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары балалар ойын алаңының жай-күйіне қатысты шағым түсірген. Қала әкімі жағдайды тексергеннен кейін ТКШ бөліміне тексеру жүргізіп, сынған элементтер мен жабындарды қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, төбешік пен құммен ойнайтын арнайы орын орнату мәселесін пысықтауды жүктеді.
Мердігер ұйым Королев көшесі, 70А мекенжайы бойынша жүргізілген жұмыстардан кейін құрылыс қалдықтарын қалдырған.
– Барлық ескертулерді тез арада жоюды, сондай-ақ жүргізілген жұмыстардан кейін асфальт жабындысын сапалы қалпына келтіруді тапсырдым, – деді Аян Бейсекин.
Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша ТКШ бөліміне осы мекенжайды апатты ағаштарды санитарлық кесу тізіміне енгізу жүктелді.