Павлодарда алғаш рет өңештің дивертикуласын емдеуге арналған ота жасалды
Облыста алғаш рет өңештің дивертикуласын емдеуге арналған ота № 1 қалалық ауруханада жүзеге асырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер ол үшін эндоскопиялық әдісті пайдаланған. Бұл әдістің ерекшелігі - операция өңештің ішіне саңылау арқылы бейне гастроскоптың көмегімен, тері тілігісіз жасалады.
– Мұндай әдіс Z-POEM – ауыз арқылы Ценкер эндоскопиялық миотомия деп аталады, – дейді эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Қуат Жүсіпов. – Бұрын Ценкер дивертикулын емдеуде хирургиялық емдеудің «ашық» әдісі ғана қолданылған. Мұндай әдіс әлі күнге дейін көптеген ауруханаларда жүргізіледі.
Қуат Жүсіповтің айтуынша, ашық операция кезінде науқастың мойнына біршама үлкен әрі ұзын тілік жасалып, Ценкер дивертикулы алынады. Мұндай операцияның нәтижесінде мойында үлкен тыртық қалады. Операциядан кейінгі кезең және оңалту өте көп уақытты алады.
– Z-POEM операциясы кезінде теріде тілік жасалмайды, өңештің саңылауына тілік жасалады. Сол кезде науқастың реабилитациясы бірнеше есе қысқарады. Асқынулар болмағанда науқасты 3-4 күнге шығаруға болады және оңалту қажет болмайды. Эндоскопиялық операциядан кейін алғашқы сағаттардан бастап науқастың өмір сапасының жақсаруы маңызды. Операциядан кейінгі келесі күні науқасқа су ішуге рұқсат етіледі, – дейді Қуат Жүсіпов.
Қала тұрғыны Анаталий Рыковтың жасы 60-та. Жуырда оған Павлодар қаласының № 1 қалалық ауруханасында ота жасаған.
– Отаны Қуат Жүсіпов сәтті өткізді. Операцияға дейін асқынулар болды, бес жылдан бері жағдайым қиындай берді, өңешім ауыратын, жұту қиын болды. Уақыт өте келе қинала бердім. Тіпті, тыныс ала алмай қалдым. Содан кейін ауруханаға жүгініп, ота жасады. Бүгінде өзімді өте жақсы сезінемін. Ақ желеңділерге алғыс айтамын, – дейді Анаталий Рыков.
Айта кетерлігі, мұндай операциялар республиканың үш қаласында ғана жүргізіледі. Енді павлодарлық ақ желеңділер де бұл технологияны сәтті енгізген білікті мамандардың қатарына қосылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram