Екібастұзда жылу мәселесінің жуық арада шешімін табуы қиын
«Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесиннің айтуынша, кеншілер қаласын жылумен қамту жылыту маусымы аяқталғанға дейін шешімін табуы қиын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында монополист өкілі қазандықтардың, әсіресе су жылытқыш қазандықтардың жағдайы температура көрсеткіштерінің тұрақталуына мүмкіндік бермейтінін айтты.
– Осыған байланысты параметрлер төмендеген және мұндай жағдай жылу беру маусымының соңына дейін жалғасуы мүмкін, – деді ол. – Төтенше жағдай кезінде желілерде анықталған ақауларды жойдық. Көрсеткішті жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ негізгі желілердегі лай қазандықтарға түсіп, экран беттерінің айналымын бұзды.
Вадим Лесиннің айтуынша, қаңтар айы бойы ЖЭО қызметкерлері мен мердігерлер станция жұмысын тұрақтандырумен айналысқан. Алайда тұрақты параметрлерді алты күн ғана ұстап тұру мүмкін болған. Қазір ЖЭО-да 120-ға жуық адам тәулік бойы жұмыс істеуде.
Айта кету керек, қазір Екібастұз ЖЭО-да небәрі төрт қазандық жұмыс істейді, алтауы жөндеуде. Шығыс температура параметрлері алты күн ішінде 60 градус, кері айналымда - 44.