Павлодар облысында күзгі гидравликалық сынақтар аяқталды
Жылумен жабдықтау желілері 76%-ға жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында күзгі гидравликалық сынақтар аяқталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов мәлім етті.
– Павлодарда жалпы 171 ақау анықталды, оның 20-сы – жылу желілерінде, ал 151-і – ішкі жылу желілерінде. Оның ішінде 45 ақау жойылған, 25-і жұмысқа алынды. Көбіне Оңтүстік желілік ауданда ақаулар шығып жатыр, – деді Ержан Салханов.
Екібастұз қаласының жылу желілерінде 126 ақау анықталған. Бүгінде 92 ақау жойылды.
– Жылу желілері жыл сайын 4-5 километрден жөнделеді. Әр ауданда тозған желілер бар, гидравликалық сынақтардың арқасында біз ақауларды анықтап, желілерді ауыстырып отырамыз, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, жылумен жабдықтау желілерінде жөндеу және реконструкциялау жоспарланған 73,1 км-ден 55,5 км жөнделді.