Екібастұзда жылу желілерін қайта жаңарту кезең-кезеңімен жалғасады
Жөндеу жұмыстары бойынша жалпы облыс бойынша 56 миллиард теңгеге жоба әзірленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов мәлім етті.
- Екібастұзда ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу желілері бойынша біз жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерін қайта жаңартуды жалғастырамыз, - дейді Ержан Иманзаипов. – ЖМ-1 - ұзындығы шамамен 1,6 шақырым, ЖМ-3 - ұзындығы шамамен 2,3 шақырым. Жөндеу жұмыстары бойынша жалпы облыс бойынша 56 миллиард теңгеге жоба әзірленді. Бұл жұмыстар аз уақытта жүзеге аспайды. Яғни кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Басқарма басшысы Екібастұз қаласында жылыту маусымы штаттық режимде өткенін атап өтті. Бүгінде қалада жөндеу жұмыстары жалғасуда.
- 15 қазандыққа бюджет есебінен, бес қазандыққа тариф есебінен күрделі жөндеу қарастырылған, - дейді спикер. - Оған қоса, басқа қазандықтарда да ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі.
Аталған 15 қазандық пен тазартылған су құбыры бойынша бес миллиард теңгеден астам және ЖМ-1 және ЖМ-3 бойынша шамамен 11,3 миллиард теңге қаражат қажет.