Екінші Павлодарда із-түзсіз жоғалған зейнеткер табылды
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Екінші Павлодар аумағында профилактикалық жұмысты күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полиция батальонының жеке құрамы 2023 жылдың 3 айында облыс орталығында 10 мың 734 әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде жол қауіпсіздігін бұзу фактісі бойынша 9 мың 513 және қоғамдық қауіпсіздікті бұзғаны үшін 1221 хаттама толтырылды.
– Тексеру барысында пәтер мен ауланы аралау, құқық қорғау органдарының бақылауында есепте тұрған адамдарды тексеру жүзеге асырылды. Жалдамалы пәтерлер, жастар мен кәмелетке толмағандар, сондай-ақ үйсіз адамдар көп жиналатын орындар тексерілді. Полицияға жеткізу кезінде іздеуде болуы мүмкін ұялы телефондардың коды тексеріледі, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Тәртіп сақшылары тек бір тәулік ішінде 139 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 113-і жол қауіпсіздігін бұзған, 76-сы жылдамдықты асырған. Жылдам жүруді ұнататын азаматтарға 1 млн 164 мың 700 теңге айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, полицейлер жан-жағына жалтақтай берген 44 жастағы ер адамды тоқтатты. Тексеру барысында оның Алматы қаласында залалды өтеуден жалтарған борышкер немесе жауапкер ретінде іздеуде жүргені белгілі болды. Сондай-ақ ол із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде болған 63 жастағы ер адам анықталды. Н.Назарбаев даңғылы бойындағы 89 үйдің жанында 36 жастағы ер адамды тексерген кезде жиналмалы пышақ табылды. Олардың барлығы әрі қарай анықтау жұмыстарын жүргізу үшін полиция бөлімдеріне тапсырылды.