Павлодар облысында автокөлік пен трактор қағып кеткен екі адам көз жұмды
ЖКО фактілері бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 желтоқсанда Беловка - Қалқаман автожолының 18 шақырымында «Toyota Land Cruiser-100» маркалы автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні басып кеткен. Зардап шеккен адам алған жарақаттарынан қайтыс болды.
– Сол күні Баянауыл ауданы Қызылтау ауылдық округінің жазық даласында МТЗ-92 маркалы трактордың жүргізушісі мас күйінде алдыңғы күрегімен жұмыс істеп жатқанда өтіп бара жатқан салт атты адамды қағып кетті. Апат салдарынан ер адам алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болды, – дейді департаментте.
Жол-көлік оқиғалары бойынша тергеу басталды, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Көлік құралдары мамандандырылған айып тұрақтарына қойылды.