Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды
Фото: Константин Шелков

Президент Жарлығына сәйкес 1 қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше,  шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жергілікті атқарушы органдардың шақыру пунктерінде 195 қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмыс істейді.

Күзде барлығы 19 мыңнан астам адам әскерге алынады деп күтіледі. Олардың арасында Қарулы күштер қатарына – 8 мыңнан астам, Ұлттық ұланға – 6 мың, ҰҚК Шекара қызметіне – 3 мың, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне 300 сарбаз қамтылмақ.

- 70-тен астам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерімен әскери борышын өтнген жастар үшін қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойылды. Бұл ретте 180-нен аса қазақстандық жоғары оқу орындарында тегін білім алатын болды, тағы 400-ден астамы ақылы бөлімге түскен, - дейді министрліктегілер.

Сондай-ақ министрлік қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты түрде жүзеге асырылатыны, сол сияқты шақыру учаскелеріне әскерге шақырылушыларды тіркеу туралы куәліктер беру және борышын өтемеген азаматтарға әскери билеттер беру процесі таяу уақытта жойылатынын ескертті.