Қазақстан авиациясы әлемдік биіктерді бағындыруда

Қазақстан авиациясы әлемдік биіктерді бағындыруда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіби мереке қарсаңында отандық азаматтық авиацияның халықаралық стандарттарға сәйкестігі мен даму жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

1 ақпанда Қазақстанда Азаматтық авиация қызметкерлері күні және Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік қызметі күні атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде салтанатты жиын өтті.

Іс-шара барысында азаматтық авиацияның дамуына елеулі үлес қосқан сала қызметкерлері мен ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Еңбек ардагері», «Құрметті авиатор» төсбелгілерін, сондай-ақ алғыс хаттарды табыстады.

Министр құттықтау сөзінде саланың негізгі жетістіктеріне тоқталды: 

– 2025 жылғы 3 желтоқсанда Мемлекет басшысы азаматтық авиация мәселелеріне толықтай арналған, соңғы отыз жыл ішіндегі жоғары деңгейдегі алғашқы кеңес өткізді. Бұл мемлекет тарапынан салаға айрықша назар аударылып отырғанын және оның стратегиялық маңызға ие екенін көрсетеді. Былтыр еліміздегі әуежайлар 31,8 миллион жолаушыға қызмет көрсетті, 173,28 мың тонна жүк өңделді, әуе компаниялары 15,4 миллион жолаушы тасымалдады. Халықаралық әуе қатынасы бойынша 30 елмен 135 бағытта аптасына 626 рейс орындалады. Осы көрсеткіштердің артында күн сайын бүкіл жүйенің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған 25 мыңнан астам кәсіби маманның еңбегі тұр. Бұл – сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі, – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.

Сонымен қатар ол Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) авиациялық қауіпсіздік бойынша жүргізген аудитінің қорытындыларын атап өтіп, Қазақстанның ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7% болғанын жеткізді. Бұл көрсеткіш ТМД елдері арасында ғана емес, ИКАО-ның Еуропа және Солтүстік Атлантика (EUR/NAT) өңірінде де ең жоғары нәтижелердің бірі болып саналады.

Қазақстан авиация саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері – жолаушылар тасымалы мен жүк айналымы бойынша Орталық Азияда, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша ТМД елдері арасында (82%) көш бастап тұр. 2025 жылдың шілдесінде ИКАО Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді.

2026 жылы Қазақстанда көлік апаттары мен оқиғаларын тергеу орталығы құрылады, бұл ұшу жазғыштарын (қара жәшіктерді) тәуелсіз талдауға, әртүрлі тексеру түрлеріне және микроэлектроника зерттеулеріне, соның ішінде оларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Биыл Қазақстанның әуе компаниялары тоғыз жаңа әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр, нәтижесінде жалпы әуе флоты 118 ұшаққа дейін ұлғаяды. Маршруттық желіні кеңейту аясында Вена (Австрия), Абу-Даби (БАӘ), Эр-Рияд (Сауд Арабиясы), Сиань, Шанхай (Қытай), Дели (Үндістан), Рим (Италия) және басқа да бағыттар бойынша әуе қатынасын ашу және дамыту жоспарлануда.

Халықаралық әуе хабтарын дамыту мақсатында авиаотын құнын төмендету бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда авиаотын бағасы бір тоннасына 1000 АҚШ долларынан төмен деңгейде.

Сондай-ақ биыл бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, Алматы қаласы әуежайының ішкі рейстер терминалын қайта жаңғырту, Атырау қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысын бастау, Ақтау әуежайының перронын күрделі жөндеу және Павлодар әуежайының аэродромын реконструкциялау жоспарланған. Астана және Шымкент қалалары әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталмақ. Сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау және Ақтөбе әуежайларындағы еркін экономикалық аймақтарды дамыту жұмыстары жалғасады.

Бұдан бөлек, Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайларның құрылысын аяқтау, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру көзделген.

Салтанатты іс-шарадан кейін Нұрлан Сауранбаев авиация саласының ардагерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында сала ардагерлері өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, азаматтық авиацияны дамыту мәселелері бойынша ой-пікірлерімен бөлісті. Министр ардагерлердің еңбегіне ризашылығын білдіріп, олардың ұсыныстары назарға алынатынын атап өтті. Кездесу соңында қонақтарға құрмет көрсетіліп, ардагерлер мен марапатталушыларға арналып дастархан жайылды.