Қазақстанда жер қойнауын пайдалану жүйесі толық цифрландырылмақ

Қазақстанда жер қойнауын пайдалану жүйесі толық цифрландырылмақ
Фото: mazhilis.parlam.kz

Мәжілісте жер қойнауы туралы кодекске түзетулер таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы Мәжіліс комитетінің қарауына ұсынылды. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан әзірленген.

Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин отырысты аша отырып, Президенттің Жолдауында айтылған жер қойнауын игеруге инвестиция тарту үшін заңнаманы жеңілдету және геологиялық ақпараттың бірыңғай деректер банкін құру жөніндегі тапсырмаларын атап өтті.

– Қаралып отырған заң жобасы Президенттің жер қойнауын пайдалану саласындағы реформаларды жалғастыруға бағытталған тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді, – деді депутат.

Заң жобасы туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлы баяндады. Оның айтуынша, басты мақсат – жер қойнауын пайдалануды барынша ашық ету.

– Құжатта бірқатар жаңалықтар көзделген. Ең алдымен цифрлық трансформация жүзеге асырылады: лицензиялаудың барлық кезеңі онлайн форматқа көшіріледі. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, бизнес пен қоғамның Үкіметке деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заң жобасы 2024 жылы іске қосылған және 22 мемлекеттік қызметті біріктіретін жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының құқықтық мәртебесін бекітеді. Бұл жүйе процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, мәліметтерді орталықтан сақтауға жағдай жасайды, – деді мәжілістің баспасөз қызметі.

Түзетулердің тағы бір бағыты – бақылау мен жауапкершілікті күшейту. Атап айтқанда, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру деген желеумен жасырын өндіріске тыйым салынып, 1000 текше метрден асатын тау-кен массасын өндіруге қатаң талаптар енгізіледі.

Бұдан бөлек, жаңа өнеркәсіптік жобалар үшін отандық өңдеу нарығын дамытуға бағытталған инвестициялық міндеттемелер күшейтіледі. Бұл шаралар жер қойнауын пайдаланудың тиімділігін арттырып, ұлттық өндірісті қолдауға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында депутаттар мүдделер қақтығысының алдын алу, мемлекеттік функцияларды ұлттық операторға берудің тиімділігі, геологиялық деректердің жоғалуына жол бермеу және ұлттық геологиялық қызметті жекешелендіру қаупі жөніндегі мәселелерді көтерді.

Заң жобасы бойынша түскен барлық ұсыныстар жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты қаралады. Жұмыс тобына Экология және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Арман Қалықов жетекшілік етеді.