Ертіс ауданының екі ауылында жаңа медпункт бой көтерді
Жаңа жыл қарсаңында нысандардың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қарақұдық және Қызылағаш ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы негізінде іске асырылды. «Қайрат ИК» мердігер ұйымы медпункттерді тамызда бастап, мереке қарсаңында тапсырды. Бұған дейін ауыл тұрғындары жеке тұрғын үйде, яғни медициналық пункт үшін арнайы қарастырылмаған орынға жүгінген болатын.
Енді жаңа денсаулық сақтау нысандары науқастардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, заманауи деңгейде қызмет көрсететін медициналық құрылдармен жабдықталған. Науқастар үшін аяқ-қолды дамытуға арналған тренажерлар, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін құрал-жабдықтар, ЭКГ аппарат, дефибриллятор мониторы, дәрі-дәрмектерді сататын пункт бар.
– Мысалы, тубус-кварц жабдығымен ультракүлгін сәулелердің арқасында вирусқа қарсы, сондай-ақ жараларды емдеуге және қалпына келтіруге ықпал етеді. Ол көбінесе жоғарғы тыныс жолдарының және басқа ЛОР мүшелерінің ауруларын емдеу үшін қолданылады, – деді Ертіс аудандық ауруханасы басшысының м.а.Қуандық Мұстафин.
Қарақұдық ауылында 260, ал Қызылағаш ауылында 270 адам тұрады. Жаңа медпунктте олар екпе алып, оңалтудан өтуге мүмкіндігі бар. Ал магнитотерапия арқылы жарақатты, остеохандроз сияқты ауруларды тез емдеп шығуға болады.
– Қызылағашқа Голубовка ауылындағы дәрігерлік амбулаториядан учаскелік дәрігер келіп тұрады. Ол дәрігер амбулаторияға қарасты алты ауылды аралайды. Ал Қарақұдық аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқандықтан ауруханадан педиатр мен терапевт келіп, қызмет етеді, – деді Қуандық Мұстафин.
Бұдан бөлек аудандық ауруханамен телемедицина қолдану мүмкіндігі болады. Шұғыл көмекті қажет ететін науқастар санитарлық көлікпен Ертіс ауылына, кейін қажет болғанда қалаға жеткізіледі.