Қоқыстың маңында жатқан шприцтер павлодарлықтарды алаңдатты
Жерде шашылып жатқан медициналық қалдықтар қалалық аурухананың аумағында табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде №1 қалалық аурухананың қоқыс маңында қолданылған бетперделер, қанға толы сынауық, шприцтар жерде шашылып жатқаны жайлы бейне жарияланды.
Аурухананың әкімшілігі болған жағдайға назар аударып, түсініктеме берді.
– Медициналық қалдықтарды жинау, сақтау және тасымалдау бойынша бұзушылықтар анықталмаған. Таңбалаудың болмауына байланысты сынауықтың кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес, – деп мәлімдеді №1 қалалық аурухананың баспасөз қызметінде.
Шағым бойынша өндірістік жиналыс өткізді. Бөлімшенің аға медбикелеріне медициналық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды бақылауды күшейту тапсырылды.
Сондай-ақ, қалалық ауруханада медициналық қалдықтар жұмыс кестесіне сай шығарылады: аптасына үш рет, қатты тұрмыстық қалдықтарды алты рет.
Фото: Константин Шелков