Павлодарда қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек сынақтан өтеді
Отандық препараттың тиімділігі жайлы Саясат Нұрбек айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол адамдарға клиникалық сынақ жүргізудің бірінші кезеңі сәтті өткенін хабарлады. Зерттеуге онкологияның ең агрессивті түрлерінің бірімен ауыратын 15 науқас қатысты.
– Тоқ ішек қатерлі ісігінің IV сатысы анықталған науқастар ерікті ретінде қатысқан клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша препарат тиімділігін көрсетті. Ісіктің қалыптасуы орта есеппен 30%-ға азайды, – деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында.
Бұл мәселе Премьер-Министрдің жеке бақылауында.
– 1 шілдеден бастап тестілеудің екінші кезеңі басталды. Клиникалық сынаққа 3 мыңға жуық адам қатысады. Барлығы 5 мыңнан астам онкологиялық науқас сынаққа қатысуға ниет білдіріп, тіркелді, – деді ол.
Қаражат Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен қарастырылды.
– Тамыз айында зерттеу тобына екінші кезеңді жүргізуге шамамен 2 миллиард теңге аударылады. Жыл соңына дейін біз барлық деректі өңдейміз. Келесі жылы дәрі-дәрмекті тіркеуге шығарамыз деген сенімдеміз, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Екінші кезең түрлі қатерлі ісігі бар адамдарға дәрі-дәрмекті тексеріп көруді қамтиды. Сынақ Астана, Алматы және Павлодарда өткізілетін болады.